ШҚО-да бизнес саласында 16 жемқорлық фактісі тіркелді

374
көрілім
Суретте кәсіпкер Меруерт Искакова

Облыстағы бірқатар кәсіпкер ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановпен кездесіп, жұмыс кезінде түрлі кедергілер торын жайып, көз қысты әрекеттер жиі болып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараға облыс әкімдігінің өкілдері, ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің басшылары, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев модератор есебінде кәсіпкерлер мүддесі қашан да қорғалу қажет екенін алға тартты.

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев алдымен «Бизнеске жол!» жобасының іске асырулы барысын баяндады. Жоба басталғаннан бері ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің атына бизнес өкілдерінен 28 өтініш келіп түсіп, қаралды. 55 кәсіпкердің құқығы қорғалып, облыстағы 159 кәсіпкердің қатысуымен 16 кездесу өткізіліпті.

– Қазіргі кезде біз 16 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтадық, оларды жою бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар берілетін болады, – деді Талғат Башев.

Кездесу барысында кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық белгілері бар мәселелерін тізбелеп, Саян Ахметжанов пен ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшылығынан оларды шешуге қолұшын берулерін сұрады.

Мәселен Дмитрий Лапошин заңды тұлға ретінде банкроттық рәсім жүргізу кезінде субсидиарлық жауапкершілікке тартылғанын айтты. Сөзінше, оның бұрынғы серіктесінің айла-амалдары салдарынан 668 миллион теңгеге қосымша салық арқалапты. Онымен қоса, бірде-бір инстанция оған осы істе қалай дұрыс қадам жасау керектігі жөнінде жақ ашпай қойған. Жиынға қатысушылар кәсіпкерге бұл мәселені сот арқылы шешуді ұсынды.

Автотасымалдау саласындағы кәсіпкер Меруерт Исакова небәрі 700 теңге көлемінде өсімпұл төлемегені үшін кәсіпорын шоттарының бұғатталғанын айтып, Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне шағымданған. Талғат Башев іскер әйелге оның мәселесін егжей-тегжей қарап, шешу үшін Антикорға ат ізін салып, толығырақ мәліметпен бөлісуін ұсынды.

Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауындағы демалыс базасының иесі Полина Жукова орталықтандырылған электр жабдығының жоқтығы қиындық келтіріп датқандығын айтты. Бұл түйткіл бұған дейін ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Туризм комитетінің отырысында және Самар ауданындағы шағын бизнес-форумда қаралған. Іс-шарадан кейін бұл мәселе өңірдің даму жоспарына енгізілгені белгілі болды.

Жалпы, барлық айтылған мәселені өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бақылауға алды.