Шығыс Қазақстанда мылтық асынып заңсыз аңшылыққа шығатын немесе қажетті рұқсат қағазынсыз балық аулайтын браконьерлер аз тіркеліп жүрген жоқ. Осындай заңбұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында облыс бойынша 6-15 қараша күндері аралығында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараның бірінші күнінде-ақ аймақ полицейлері табиғат қорғау заңнамасын бұзған 56 адамды анықтады. Оның ішінде заңсыз аң аулаған – 40, балық аулаған – 10-нан астам факті тіркелген.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда сотқа дейінгі 5 тергеу жұмыстары басталған: Риддер, Бесқарағай және Көкпекті аудандық ішкі істер бөлімдері ҚР ҚК-нің 340-бабын аттаған адамдарды жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде.
– Тарбағатай ауданында балық ресурсын заңсыз аулаған браконьер құрықталса, Көкпектіде рұқсат қағазынсыз аңға шыққан тұлға анықталды, – деп хабарлады ШҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. – Аталған фактілер бойынша тергеу шаралары қолға алынған.
Айта кету керек, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде рұқсатсыз ағаш кесіп, мемлекетке зиян келтірген 47 жастағы көкпектілік азамат жауапқа тартылды.