ШҚО-да букмекерлік кеңсеге шабуыл жасағандар ұсталды

349
көрілім
Фотосурет BAQ.KZ сайтынан.

Өскемендік полицейлер букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған ұрыларды ұстады. Бұл туралы Өскемен қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Букмекерлік кеңсені 2 қыркүйек күні таңғы сағат 4:36-да бетперде киген екі адам тонап кеткен. Кеңседегі касса қызметкері полицияға хабарласып, екі белгісіз адам оларды тонап кеткендігін айтқан.

– Оқиға орнына келген полиция басқармасының жедел-іздестіру тобы кеңсеге таңғы сағат 4:29-да капюшон мен бетперде киген екі белгісіз адам тапаншаға ұқсас затпен қызметкерлерге сес көрсетіп кассада болған 484 500 теңге ақшаны алып кеткенін анықтады, –  делінген хабарламада.

Кеңсені тонаған сәт видеокамераға түсіп қалған екен.

– Кеңсеге қойылған камераның көмегімен және криминалды полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру әрекетінің нәтижесінде күдікті екі адам ұсталды. Олардың оқиға орнынан қалай кетіп, қайда барғандары түгелдей камераға түсіп қалған, – деді полиция мамандары.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 192 бабы бойынша («Қарақшылық») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.