Аймақтағы Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі қауіпті белгіге жеткен жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, облыстың екі ауданында қар жамылғысы 60 сантиметрден асады. Атап айтқанда, Күршімдегі Марқакөл қорығында – 73 см, Алтайда – 62 см. Қалған өңірлерде қар еріп кеткен.
Жуықта ШҚО Төтенше жағдай департаментінің және облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының өкілдері су тасқынының алдын алу мақсатында МИ-8 тікұшағымен «Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Өскемен» бағыты бойынша бақылау жүргізді.
– Өзендерде мұз әлі еріп жатыр. Су деңгейі қауіпті белгіге жағындамаған. Жағдай тұрақты. Бұқтырма өзенінің суы өз арнасымен ағуда. Сол маңайдағы Алтай ауданының елді мекендерін су басу қатері жоқ, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Катонқарағай ауданы Сенное ауылында жедел-құтқару жасағының мамандары Бұқтырма өзеніндегі су деңгейін тәулік бойы бақылауда. Соңғы күндері күннің суытуы мен аспанның бұлттануына байланысты қардың еруі біршама бәсеңдеген.