ШҚО-да бұрын-соңды болмаған жоба қолға алынбақ

385
көрілім

Өскеменде жастар белсенділігін арттыру мақсатында бірқатар тың жобалар қолға алынбақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың «Жастар жылына» орай бірнеше жаңа жоба қолға алынып, сәтті жүзеге асырылуы үшін жүйелі жұмыстар атқарылатынын айтты. Өз сөзінде ол соның ішіндегі негізгі төртеуіне тоқтала кетті. Мемлекеттік бағдарлама бойынша «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы ұзын-ырғасы 1300 болашақ студент жеке кәсіпкерлік бойынша білім ала алады. Кейін сәті түссе 500 мың теңге шамасындағы гранттарға ие болатын көрінеді.

– Жоғарыда аталған 1300 жас буынға мемлекеттік қор 645 миллион теңге қаржы бөліп отыр, – дейді Әсем Нүсіпова. – Қалған үш жоба еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арқылы іске асырылмақ. Мәселен тұңғыш рет қолға алынған «JasA» жобасы. Жастар бір топқа бірігіп, 610 мың теңге шамасында грантқа таласу мүмкіндігін ала алады.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, аталған гранттар қайтарымсыз екен. Осының нәтижесінде әрбір жан өзін шығармашылық жағынан шыңдай түсе алады. Аталмыш жоба әлеуметтік идеяларды дамыту мақсатында қолға алынған.

Ал «Qorgau» жобасы жастар мен азаматтардың құқығын қадағалауда таптырмас бастама. Келген жандарға арнайы заң қызметкерлері бағыт-бағдар беретін болады. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, бұл жобаны жүйелі түрде жүзеге асыру үшін арнайы орган жұмысқа алатын маманды жалақымен қамтамасыз ететін болады.

Одан бөлек, «Менторлықты даму» жобасының жай-жапсары да сөз етілді.

– Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық дәрежедегі мамандардың қатысуымен төрт күндік семинар-тренинг өтті. Оған біздің аймақтан байқауларда үздік шыққан 20 ментор қатысып, арнайы сертификаттарға ие болды. Олар облысқа оралған бойда жастарды жігерлендіру, белсенді өмірге тарту төңірегінде жұмыс істейді, – дейді орталық директоры.

Бұл жоба шілденің 14-і күні алғаш рет елордада басталған екен. Мамандар облыс бойынша 14-29 жас аралығында 264 990 жан бар екендігін айта келе, «Менторлықты дамыту» жобасының тұлғалық көрсеткішті өсіруде ауадай қажет бастама деп біледі.

Әділхан ЕСІМХАНОВ