Өңірде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімі Даниал Ахметов халық алдында есеп беру барысында 8,3 млрд теңгеге қосымша 174 ӨЖЖ аппараты, 10 рентген-аппараты, 3 ЭКМО, 3 компьютерлік томограф және заманауи жабдықтармен жабдықталған 216 жедел жәрдем көлігінің сатып алынғанын айтты. Сонымен қатар қомақты қаражат денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге және олардың құрылысына да бөлінген. Жалпы өткен жылы өңірдің денсаулық сақтау саласына 37,3 млрд теңге жұмылдырылды.
– Қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандарға уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 41 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр. Толықтай жабдықталған 6 300 төсек-орын ұйымдастырылған. Алғашқы вирус жұқтыру фактісі тіркелген сәттен бастап бірінші стационарлардағы төсек-орын саны 12 есеге артты, - деді аймақ басшысы.
Халықты ПТР-зерттеулермен қамтуды ұлғайту үшін облыста тәулігіне жалпы қуаты 16 мың сынаманы құрайтын 22 зертхана бар. Сондай-ақ иммундық плазманы дайындау бойынша күрделі жұмыстар жүргізілуде. Донорлыққа 7 мың адам тартылып, әртүрлі қан топтарының 4 мың дозасы дайындалды. Оның 1000-нан астам дозасы каронавирусқа шалдыққан пациенттерге құйылды.
– Пандемиямен күреске қарамастан, жетекші шетелдік клиникаларда мамандарды оқыту жалғасуда. Өткен жылы әлемдік деңгейдегі 5 шеберлік-сағаты өткізіліп, ядролық медицина орталығының, Алтай мен Аягөз инсульт орталықтарының, ана мен бала орталығы жанындағы оңалту бөлімшесінің дәрігерлері өз біліктіліктерін арттырды. Жобаны іске асыру басталғаннан бері 5,5 мыңнан астам маман оқытылды, - деді Даниал Ахметов.