Өңірде демалыс күндері 21 өрт оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт шығуының негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану, сондай-ақ электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Тілсіз жау фактілері Шемонаиха, Көкпекті, Тарбағатай, Күршім, Глубокое, Аягөз, Бесқарағай, Зайсан аудандарында және Риддер қаласында орын алған.
– Шемонаиха ауданында 3 өрт оқиғасы болып, үй, монша және шаруашылық қора-жайларды қызыл жалын шарпыған. Күршімде балалардың отпен ойнауы салдарынан 2 рет өрт шықты. Тілсіз жаудың жалпы аумағы – 270 шаршы метрді құраған. Өрт салдарынан 2 бас мал өліп, 8 тонна шөп отқа оранды. Жалынды өрт сөндірушілер мен Боран орман шаруашылығының қызметкерлері ауыздықтаған, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте ТЖ департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өрт шыққанын байқап қалсаңыз бірден «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалыңыз.