Облыс аумағында 52-ші республикалық дәстүрлі көпкүндік «Қазақстан оқушысы - 2022» веложарысы өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараны ұйымдастырушылар «Дарын» орталығы, облыс басшылығы, республикалық және облыстық велоспорт федерациясы.
- Осы жақтың географиясы қолайлы болғандықтан спорттық шарамызды 2000-шы жылдардан бері Шығыс өңірінде өткізіп келеміз. Қатысушылар да осы жаққа келіп бақ сынауға бек қуанышты. Веложарысқа еліміздің 12 облысынан 82 қатысушы келді, - деді ҚР спорттық іс-шаралар басқармасының басшысы Мира Мұхамадиева. Жарыс жолына шыққан қатысушыларды жол полициясы, жедел жәрдем және қосалқы көліктер бақылап жүреді.
- Жарыс сегіз кезең бойынша өтеді. Топтық, таулық кезеңде өз мүмкіндіктерін байқаған соң жазықта жарысады. Бірнеше кезең Ушаново ауылында, ал жекелей жарыстар Бобровское тас жолында өтеді. Біздің облыс осындай көлемдегі жарыстарға сақадай сай деп айта аламын, - деп ойымен бөлісті ШҚО велоспорт федерациясының президенті Елена Нитяжук.
Қатысушылар ауа-райы қолайсыз болса да көңіл-күйлері көтеріңкі екендерін айтты.
- Тек жеңіске жетемін деп келдім. Жарысқа бар ынтамызбен дайындалдық, жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттенемін, - дейді веложарысқа қатысушылардың бірі Максим Тараскин.
Сайыстың салттанаты жабылу кеші 8-тамызда өтеді.