Облыс бойынша намазхананы ешқандай рұқсатсыз ашу, діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен тыс рұқсат етілмеген жерлерде өткізу, діни мазмұндағы кітаптарды рұқсат етілген жерлерден тыс жерлерде тарату сынды құқықбұзушылықтар орын алуда. Мұндай заңсыз әрекеттерге қарсы облыстық Дін істері басқармасы құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып алдын алу іс-шараларын ұйымдастырып, тосқауыл қоюда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Мына бес күндік жалғанды пана еткен әрбір пенденің имандылық жолына бет бұруы асыл бағыт. Алайда имандылық деп атай салып Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген талаптарды аттап кету иманды адамның ісіне жатпайды. «Ауруға ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, діни бағыттағы заңбұзушылықтардың алдын алу үшін мемлекет түрлі шаралардың тізгінін қолға алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында Дін мәселесіне айрықша тоқталған болатын.
Қандай заңбұзушылықтар тіркелген?
Орын алатын діни бағыттағы заңбұзушылықтар да сан түрлі. Сондай әрекеттердің бірі ешқандай рұқсатсыз намазхана ашу болып отыр. Осындай заңбұзушылық «Қайсар» дәмханасында орын алды. Дәмханада намаз оқуға арналған намазхана тиісті органдарда тіркелмегені анықталды. Айта кетсек, дәмхананы 2012 жылдан бері жеке кәсіпкер Б. есімді азамат жалға алған.
Жеке кәсіпкерге «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазанындағы №483-IV заңының 5-бабы 7-тармағында және 7-бабында көрсетілген талаптарды бұзып, ҚР ӘҚБтК-ның 490-бабы 1-бөлігі 1-тармағымен көрсетілген «әкімшілік құқықбұзушылықты жасаған» деген айып тағылды. Айыпталушының ісі Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды. Сот барысында ол «Жұмыс істейтін екі қызметкерім 5 уақыт намаз оқиды. Мешітке барып тұратын уақыттары жоқ. Сол себепті оларға бір бөлмені босатып бердім. Бөлмеге басқа адамдар кіре бермес үшін сыртына намазхана деп жазып қойдық» деп жауап берді. Бірінші сатыдағы сот жеке кәсіпкердің әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық жоқ деген шешімге келгенімен, қалалық сот шығарған шешіммен келіспеген жергілікті атқарушы орган 10 күн ішінде Шығыс Қазақстан облысының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына шағым білдіру негізінде іс қайта қаралып, жеке кәсіпкердің кінәсі толықтай дәлелденеді. Нәтижесінде, жеке кәсіпкер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабының 1-бөлігі, 4-тармағына қайта дәрежелеп, 50 АЕК (113450 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеліп, үш айға намазхананың жұмысы тоқтатылды.
Тағы бір діни бағыттағы заңбұзушылық Глубокое ауданында орын алды. «Белоусовка ауылы «Бетел» Евангельдік Сенім Мәсіхшілерінің Сенушілер Қауымы» жергілікті діни бірлестігі діни рәсімдерді өткізетін нысанды тиісті органдарға тіркемегендігі анықталған. Осылайша шіркеу қызметкерлері ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабының 1-бөлімі, 1-тармағы (діни жоралғыларды, рәсімдер мен жиналыстарды рұқсат етілмеген жерде өткізу) бойынша құқықбұзушылық әрекетін жасаған. Олар діни рәсімдерді жүргізетін орынды тіркеу қажеттігін білмегендерін және өз кінәларын толықтай мойындайтындықтарын айтып, ақталды. Сот шешімі бойынша «Белоусовка ауылы «Бетел» Евагельдік Сенім Мәсіхшілерінің Сенушілер Қауымы» жергілікті діни бірлестігі 200 АЕК (453 800 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, діни бірлестіктің жұмысы 3 айға тоқтатылды.
Діни мақсаттағы заттарды рұқсат етілмеген жерлерде сату құқықбұзушылығы да орын алды. Мәселен, Семей қаласының тұрғыны А. есімді азамат зергерлік бұйымдар сататын дүңгіршекте діни мақсаттағы заттарды (христиан діндегі сыйыну нысандарын) сатумен айналысқан. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазанындағы №483-IV заңына сәйкес, діни мақсаттағы заттар тек рұқсат етілген жерлерде ғана сатылуы керек. Бұл талапты орындамаған айыпталушы ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабының 1-бөлімі, 3-тармағын бойынша кінәлі деп танылып 50 АЕК айыппұл төлеуге міндеттелді.