ШҚО-да екі адам көз жұмған жол апатына себепкер болған жүргізуші 5 жылға түрмеге қамалды

190
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында екі адам көз жұмған жол апатына себепкер болған жүргізуші 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жол апаты былтыр жазда облыстық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолында болған. Kia маркалы автокөлігімен Өскеменнен Алтай қаласына бет алған ер адам тасжолдың 53-ші шақырымында қарсы бағытқа шығып кетіп, ВАЗ көлігімен соқтығысты.

Соның салдарынан ВАЗ жүргізушісі мен жолаушыларының бірі сол жерде көз жұмды. Тағы бірнеше жолаушы түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Kia автокөлігінің жүргізушісіне қатысты Өскемен қалалық №2 сотында ҚР Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен сот ісі қаралды.

«Сот шешімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл бойы көлік айдауға тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.