ШҚО-да екі адам жол-көлік оқиғасынан мерт болды

370
көрілім
Фотосурет neonomad.kz сайтынан

Рәзеңке дөңгелекті автокөлікке тіркеп, жайғасып отырып алып құстай ұшып көңіл көтеруге ниет еткен өрімдей жас екі жігітің бұл серуенінің соңы қайғылы жағдайға әкеп соқты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Nissan Terrano көлігін тізгіндеген 19 жастағы жүргізуші Стеклянка ауылынан жеті шақырым жердегі Семей-Долон тасжолымен келе жатып көлікті артына рәзеңке дөңгелекті тіркеп алады. Балонда 2001 және 2002 жылдары туған бозбалалар отырған болатын, – дейді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Нұрғазина. – Желмен жарысқан көлік екпінімен рәзеңке балон қарама-қарсы жолға шығып кетіп, қарсы бетте келе жатқан «Nissan X-traill» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Нәтижесінде екеуі де оқиға болған жерде тіл тартпай кетті.

19 жастағы жол талғамайтын көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мамандардың айтуынша, тиісті сарапатамалар жүргізілуде. ҚР Қылмыстық Кодексі 345-бабы 3-тармағы бойынша (жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін, екі не одан артық адамды абайсызда өлімге әкеп соқтырғаны үшін) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.