11-18 қазаны аралығында ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімді ұйымдастыру аясында заңсыз көші-қон фактілерін, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақстан Республикасында болу фактілерін анықтау және жолын кесуге бағытталған «Нелегал-Кордон» жедел профилактикалық шарасында заңнан аттағандар анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, екі күні ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 376 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 16 шетел азаматы елдің шегінен тысқары шығарылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруне 5 жылға тыйым салынады.
- Уәкілетті органның рұқсатынсыз шетелдік азаматтардың еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша заң бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Өскемен және Семей қалаларында Өзбекстан Республикасының 15 азаматы анықталды. Олар жеке тұлғалардан еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алған, көп пәтерлі үйлер салып, жеке кәсіпкерлерде жұмыс істеген, - делінген мәліметте.
Қазіргі кезде аталған заң бұзушылық үшін жұмыс берушілер ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 100 АЕК сомасында айыппұл тағайындалған, сондай-ақ шетелдік тұрғындарға қатысты әкімшілік материал толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.