ШҚО-да ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы аясында 140-тан астам шара өтті

456
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Өңір басшысы Даниал Ахметовтың атынан қалалар мен аудан тұрғындарын ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов құттықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Өскеменде биіктігі 16 метрге жуық Тәуелсіздік монументі ашылған. Оның биіктігі – 15,7 м, диаметрі – 10,9 м. Төбесінде Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібектің мүсіндері, төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бейнеленген барельеф орнатылған. Монументтің орталық бөлігінде үш жоғарғы бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би мүсіндері орналасқан.
Мереке қарсаңында барлық қалалар мен аудандарда әлеуметтік нысандардың салтанатты ашылуы, облыстың дамуына зор үлес қосқан тұрғындарды марапаттау рәсімдері өтті.
Алтай ауданының орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай балалар кітапханасы ашылды. Енді балалар бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Мұнда шығармашылық даму және танымдық демалыс үшін қолайлы орта құрылды.
Ұлан ауданы Герасимовка ауылында екі нысанның салтанатты ашылуы өтті. Ауыл тұрғындарының игілігіне жаңа балабақша пайдалануға берілді. Сондай-ақ ауылда 400-ден астам ауланы таза ауыз сумен қамтамасыз ететін орталық су құбыры ашылды. Жоба "Ауыл – ел бесігі"мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған.
Ұлан ауданының Сағыр ауылында отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылды. 1981 жылы салынған бұрынғы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты 90 млн теңгеге жөнделді. Жаңа жиһаздар мен жабдықтар алынды.
Жарма ауданында қуаттылығы 30 МВт жел электр станциясы іске қосылды. Бүгінде бұл жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған "жасыл экономиканың" ең ірі жобаларының бірі. Инвестицияның жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайды. 

Тарбағатай ауданында Ұлы Отан соғысының жауынгерлері мен батырларының, Ауған соғысының ардагерлерінің құрметіне" Батырлар аллеясы " салтанатты түрде ашылды. 
Көкпекті ауданының Самар ауылында "Ауыл-ел бесігі" бағдарламасы аясында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Ал Үлкенбөкен және Сарыбел ауылдарында шағын футбол алаңдары ашылды.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шығыс Қазақстанда барлығы 140-тан астам іс-шара өтіп, 65 жаңа нысан есігін айқара ашты.