Өскеменде Қазақстандағы тұңғыш «ALTAY ATHLETICS» кәсіби клубының ресми түрде тұсаукесер рәсімі өтті. Оның құрамына әлемдік деңгейдегі әйгілі жеңіл атлетшілер мен олимпиада чемпионы, екі дүркін «Гауһар лига» жеңімпазы Ольга Рыпакова кірді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Сонымен қатар, клуб мүшелерінің қатарында найза лақтырудан Қазақстанның жас көшбасшылары Артур Гафнер мен Варвара Назарова да бар. Кениялық төрт кроссмер — Каролин Чипкоич Кипкируи, Дэйзи Джипкемей, Шэдрак Кимутаи Коич және Тануи Нора Джируто алтайлық атлетшілер сапынан табылды.
Айта кету керек, клуб аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша биыл жазда құрылған. Осы уақыт ішінде атлеттер әлемнің беделді жарыстарына қатысып, жүлделі орындармен қанжығаларын майлап үлгерді. Мәселен, 5 000 метр қашықтықта Каролин Кипкируи қыркүйекте өткен «Гауһар лига-2017» додасының күміс медалін иеленсе, 22 жасар Нора Джируто ISTAF Берлин классикалық турнирінде кедергілермен 3 000 метрге жүгіріп, 3-орын алды.
— Осы мықты спортшылар салған жолды болашақ ұрпақ жалғаса дейміз. Жаңа клуб алдында зор міндеттер тұр. Ең бірінші, жеңіл атлетикадан ұлттық құраманы қалыптастырудағы негізгі діңгек болады. Болашақ жеңімпаздарды дайындаймыз. «ALTAY» брендін қалыптастырып, оны бүкіл әлемге паш етеміз. Оған сеніміз зор, — деді Даниал Ахметов.
Ең бастысы – ШҚО клубының негізінде жеңіл атлетикадан «ALTAY KIDS ATHLETICS» балалар академиясын құрылады. Оған 2020 жылға дейін 5000 тарта бала мен жасөспірімді тарту жоспарда тұр. «ALTAY ATHLETICS» кәсіби жеңіл атлетика клубы 94 жылдық тарихы бар, еуропалық LC Zurich жетекші клубының үлгісінде жасалды. Ал менеджер міндеті 30 жылдан астам уақыт бойы үздік халықаралық спорт ұйымдарында қызмет еткен Гвидо Тоньониға тапсырылды.