ШҚО-да еңбек заңнамасын бұзған кәсіпорындарға 23 млн теңгеден аса айыппұл салынды

628
көрілім

Облыс бойынша биылғы жылдың 5 айында өндірісте 72 жазатайым оқиға орын алған. Соның нәтижесінде 75 адам зардап шегіп, 3 адам көз жұмған. Бұл жайлы ШҚО Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

2017 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында мемлекеттік еңбек инспекторларымен облыс кәсіпорындарға 445 тексеру жұмыстары жүргізілген. Сол шаралардың қорытындысына сәйкес, еңбек заңнамасын бұзғандарға 272 нұсқама беріліп, 23,6 млн теңге мөлшерінде 197 әкімшілік айыппұл салынды.

Өткен жылы облыс кәсіпорындарына жасалған тексерулердің нәтижесінде 3689 заңбұзушылық тіркелген. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 2045, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау – 166, халықтың жұмыспен қамтылуы бойынша – 44 факті тіркелді. Талаптарды сақтамаған кәсіпорындарға 816 нұсқама беріліп, 28 ұйымның жұмысы тоқтатылған, – дейді ШҚО Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.