Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қағидаттарына өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жуықта осы бойынша Өскеменде брифинг өтті. Сонда ақ халаттылар науқастарды қабылдамас бұрын медбикелер алдымен пациенттің денсаулығы туралы толыққанды ақпарат жианп тексеру жүргізілетінін айтты. Консультативтік, диагностикалық және зертханалық зерттеулердің нәтижесінен соң пациенттер мен олардың отбасыларына жалпы күтім туралы ақпарат береді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі штаттан тыс бас маманы Әсем Елеубекованың айтуынша, өңірде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 488 учаске жұмыс істейді. Бұл учаскелерде 369 дәрігер қызмет атқарады. Оның 70-і учаскелік терапевт, 73-і педиатр, ал 226-сы жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде тіркелген.
- Енді озық тәжірибелі медбикелер мен орта буын қызметкерлері келген емделушілерді жеке тексере алады. Бұл ретте аталған маман иелері бұрын терапевтке немесе маманға қаралып, диагнозы мен емдеу жоспары расталған, жағдайы тұрақты науқастарды ғана өз бетінше қабылдайды. Егер қабылдау кезінде медбике емделушінің жағдайы нашарлап кеткенін анықтаса, ол науқасты бірден дәрігерге жіберуі қажет, - деді бас маман.
Бұл жаңашылдық алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерінің қолжетімділік деңгейін арттыруға, медициналық көмек алуды оңтайландыруға және жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жұмыстарын біршама жеңілдетті.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ