ШҚО-да ер адам пәтерінде жолбарыс жүр деп құтқарушыларға жалған ақпарат берген

364
көрілім
Шартты сурет

ШҚО Төтенше жағдай департаменті диспетчерлеріне бір жылда талай қоңырау түседі. Айталық, «101», «112» қызметіне бір ғана операторы өз ауысымы кезінде  300-350-ге жуық  қоңырауларға жауап береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Атап айтсақ өткен жылы «101» желісіне 236 58 қоңырау түссе, «112-ге» 197 967 өтініш тіркелген екен. Көбінесе мұның себептері әралуан оқыс жайттармен, төтенше жағдайлар және өрт оқиғаларымен байланысты. Десе де кейде адамды еріксіз күлдіретін қоңыраулар да келіп түседі.
Бірде Менделеев (бұрынғы Образцовый) көшесінде тұратын егде жастағы әйел сол маңдағы үйде өрт шықты деп топшылап бірден құтқарушыларды шақырған. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер пәтерде жанып тұрған майшамды көрген. Сөйтсе оны өз сүйіктісіне  романтикалық  кешкі ас әзірлеген жігіт жаққан екен.
Бір әйел құтқарушыларға жүгініп, баласы екеуі пәтерден шыға алмай жатқандарын хабарлады. Қажет құрал-саймандарын алып, тез арада келген ШҚО ТЖД қызметкерлері жедел үшінші қабатқа көтерілген. Қызығы сол, пәтерде басқосып мерейтойды тойлатып жатқан бір топ әйел пәтер кілтін жоғалтып алып, құтқарушылардан көмек күтіп отыр екен. Сөйтіп үшінші қабаттан баспалдақ арқылы түсуге тура келді.
Орта жолда лифт сынып, қамалып қалған көп адамның абыр-сабыр күйге түсіп, үрейленетіндері белгілі. Сол кезде байланысқа шыққан диспетчерлер сабырға келтіріп, сәл жинақылық танытуға шақырып жатады. Қатты шошыған жан үшін мұндайда әр минут пен әр секунд өте маңызды. Мұндай оқиғалар да аз болмаған.
Тағы бір қызықты жағдайдың бірі, Өскемен тұрғыны «112-ге» қоңырау шалып, пәтерінде жолбарыс жүргенін хабарлаған. «Құтқарыңыздаршы!» деп көмек сұраған оның қандай ойдың жетегінде болғаны белгісіз. Төтенше жағдай қызметкерлері  келіп жеткенде оқиға орнында ешқандай жыртқыш аң болмаған.
Естеріңізге сала кетсек ШҚО ТЖД диспетчерлері тәулік бойы жұмыс істейді және  шұғыл немесе стресстік жағдайға ұшыраған кез келген тұрғындардың өтініштерін қабылдайды. Диспетчерлер де қауырт жұмыс кестесіне қарамастан адамдарды сабырға шақырудың амалын  тауып, қолұшын беруге әзір.