ШҚО-да ер адам үйінде марихуана сақтаған

473
көрілім

Қазан айының ортасында «Қарасора» және «Рефлекс» жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізу барысында Семей қаласы Полиция басқармасының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тәртіп сақшылары Герцен көшесінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған.

Тұрғылықты жері бойынша тінту барысында екі жатын бөлмедегі шкаф ішінде жасыл түсті заты бар бір қағаз түйіншек пен қорап табылып, тәркіленді.

 - Сондай-ақ моншаны тінту кезінде полицейлер екі полиэтилен пакет пен өсімдік тектес жасыл түсті зат салынған тегене тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған зат жалпы салмағы 2 кг 026 грамм кептірілген марихуана болып шықты, - делінген мәліметте.

Жауап алу барысында күдікті өз үйінде марихуананы жеке пайдалану үшін өсіріп кептіргенін айтқан. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

- Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296 - бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау). Оның санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.