Қыркүйек айының 10-ы күні 3-ші қабаттан секірмек болған адамды құтқарған Алтай ауданы полиция бөлімінің кадр саясаты тобының инспекторына медаль табыс етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нақты айтсақ, ШҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ренат Унарбеков ҚР ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін ШҚО ПД Алтай ауданы полиция бөлімі кадр саясаты тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Әлия Анаеваға табыстады.
12 тамызы күні таңғы сағат 07:45 кезінде жұмысқа бара жатқан Әлия Нұрбекқызы Алтай қаласының Курчатов көшесі бойында орналасқан ғимараттың терезесіне шығып, секірмек болған ер адамды байқап қалады. Сол сәтте корнизге тізесімен шыққан азамат «Қазір төмен секіремін!» деп айқайлай бастаған.
Әлия Анаева болған оқиға туралы кезекші бөлімге тез арада хабарлап, олар келгенше ер адамды ойынан айнытпақ болып, секірмеуге көндіріп бақты.
Оқиға орнына тез арада жеткен Алтай ауданының патрульдік полиция взводының қызметкерлері полиция аға лейтенанты Айхан Әуталипов пен кіші лейтенант Қуат Байшоков ғимараттың 3-ші қабатына көтеріліп, құтқару операциясына кірісе бастайды.
Мән-жайларды анықтау кезінде полицейлер ер адамның алкогольдік мас күйде болғанын анықтап, оны ауруханаға жеткізген. Нәтижесінде психологтар өз-өзіне қол жұмсауға не себеп болғанын анықтады.
- Секірмек болған адам өзі үшін дұрыс тұжырым жасап, өмірдің баға жетпес екенін түсінеді деп үміттенемін, - деді Әлия Нұрбекқызы.