ШҚО ПД-ның генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаев Алтай және Катонқарағай ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде алкогольдік ішімдіктер қылмыстардың негізгі себебі екендігін айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өлімге әкелу жағдайында 82%, денсаулыққа аса ауыр зақым келтіру бойынша қылмыстардың үштен-екісі және зорлау фактісінің тең жартысы адамдардың масаң күйде болған кездерінде жасалады екен.
– Мұндай қылмыс санатының төмендеуі 2018 жылы 17%-ға, ал осы жылы 9%-ға төмендесе де әр бесінші қылмыс фактісі спирттік ішімдіктің кесірінен болуда (18%). Бұл еліміздің басқа аймақтары мен республика бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда көп (14%). Мысалға Алматы қаласында – 2%, Шымкентте – 6%, Нұр-Сұлтанда – 8%, Қарағанды облысында 12%-ды ғана құраған, – дейді Жанарбек Бақтыбаев.
Жанарбек Бақтыбаевтың айтуынша, қалаға қарағанда ауылдық жерлерде қылмыс саны жоғары. Семей мен Өскеменде 9 және 5%-ды құраса, ауылдарда бірнеше есе көп.
– Алтай ауданының тұрғындары жылына спирттік ішімдіктерді сатып алуға 2 млрд.теңге жұмсайды. Салыстыра кетсек, аудан бюджетінің өзі 10 млрд.теңге. Тұрғындар әлеуметтік сала, спорт пен мәдениетке қарағанда алкогольге 2 есе көп қаржы шығындайды, – деді ШҚО ПД генерал-майоры өз сөзінде.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ