Өңірімізде автожолдардың жағдайын талдап, диагностика жасайтын арнайы зертханалық автомобильдер жасақталмақ.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтуынша, бүгінгі таңда «Казцинк» ЖШС демеушілігі арқасында жоба бойынша автожолдарға сараптама жүргізіп, талдау жасайтын зертхана жасалу үстінде. «ДИМ-Строй» ЖШС көмегімен мобильді автожол зертханасы сатып алынуда.
- Жолдар жөндеуден өткен соң артынан оның сапасыз жөнделгені анықталып жатады. Естеріңізде болса, өткен жылы «Семей-Қарауыл» бағытындағы автожолға 2 миллиард теңге бөліп, жөндеуден өткізген болатынбыз. Биыл оны қайта жөндеуге мәжбүр болып отырмыз. Өйткені қолымызда жол сапасын бақылайтын тетік жоқ. Тараптар жол құрылысы аяқталған соң құжатқа қолдарын қойып жан-жаққа тарасады. Бұдан былай бөлінген қаражатты тапсырысты орындаушыға тек зертханалық талдау жүргізілген соң ғана аударылатындай етіп істеу керек. Осы бағытта жұмыс істеңіздер, - деп тапсырды облыс әкімі Даниал Ахметов.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ