ШҚО-да волонтерлер блокпосттардағы тәртіп сақшыларымен бірге тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі шектеулер туралы түсіндіруде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шара барысында еріктілер маскалармен, қолғаптармен, қорғаныс костюмдерімен және антисептиктермен қамтамасыз етілген. Түсіндіру жұмыстарының мақсаты – ТЖ кезінде қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау.
– Осындай сәтте волонтерлер қозғалысының маңызы зор. Тәртіп сақшыларымен бірлескен белсенді жастар Өскемен қаласындағы блокпосттарда дүйім жұртқа төтенше жағдай барысында енгізілген қосымша шектеулер туралы жіті түсіндіріп, қойылған сауалдарға толыққанды жауап берді. Сонымен қатар тұрғындарға жеке бас гигиенасын қатаң сақтау қажеттігі жайлы айтылды, – делінген ведомство мәліметінде.
Бұдан бөлек, волонтерлер жүргізушілерге коронавирус инфекциясынан сақтанудың жолдары көрсетілген жадынама таратты.