ШҚО-да есірткі жарнамалаушылар мен синтетикалық есірткі саудалаушылар ұсталды

573
көрілім

 Өңір полицейлері бірқатар  жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде есірткі заттарын насихаттау және жарнамалаумен айналысатын екі адамды, сондай-ақ  синтетикалық есірткі сатуды жүзеге асырған ер адамды құрықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
    Тұрғын үйлердің сыртқы қабырғасына есірткі  таратуға  қатысы бар  интернет-дүкендер сайттарының  аттарын   жазу үшін Алтай ауданындағы Серебрянск қаласына арнайы келген Семей қаласының қос тұрғыны анықталды. Олар ешкімнің көзіне түспеу үшін тұрғын үйлерге сайт атауларын  тәуліктің қараңғы уақытында  жазған. Полиция  қызметкерлері  «жарнамашыларды» қылмыс  үстінде ұстап,  олардан бояу баллондары тәркіленіп алынды.
– Ұсталғандардың айтуынша, осындай граффити суреттерді жапсырғандары үшін оларға  әлеуметтік желі арқылы сөйлескен белгісіз біреулер белгілі бір ақша сомасын төлеуге уәде еткен.  Енді табыстың орнына оларға  қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі төніп тұр, – делінген мәліметте.


ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиевтің айтуынша, ұсталған адамдардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 299-1-бабы бойынша сараланды, яғни  бұл есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау болып саналады.
– Аталған қылмыс үшін  6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы  көзделген.    Қазіргі уақытта  сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – деді Сағат Кентайұлы.
Сондай-ақ Өскемен қаласының тәртіп сақшылары қала үйлерінің аулаларына  синтетикалық есірткілерді  қойып кетуді жүзеге асырған 20 жастағы бозбаланы қолға түсіріп, тінту жүргізу барысында жалдамалы пәтерлерден 900 реттен артық қолданылатын есірткі дозалары  тәркіленді. Қылмыскер сот санкциясымен қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оны 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.