ШҚО-да әскерге шақыру науқаны қарқынды жүргізілуде

701
көрілім

ШҚО Жұмылдыру дайындығы басқармасы ұйымдастырған пресс-турде журналистер қауымы облыстық, Өскемен қалалық және Жарма аудандық әскери комиссариаттардың шақыру пунктілерін аралап, әскерге шақыру процессімен танысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, болашақ сарбаздарымыздың медициналық және психологиялық куәландырудан өтетін, арнайы киім мен заттарын алатын дәл осы «әскер мен үй арасындағы алтын көпір» атанып кеткен жерге барып, танысу төртінші билік өкілдері үшін өте қызықты болды. Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдіріп, әскери комиссариатқа бас сұққан бозбалалардың қатары аз емес. Олардың соңғы қатары әскерге 28 желтоқсан күні аттанбақ.

— Қазір әскерге бару, бармай қалудан әлде қайда абыройлы, — дейді Өскемен қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарамасы, әскери қызметке келісімшарт бойынша жинау және әскерге шақыру бөлімінің басшысы, аға лейтинант Руслан Қарахожин, — Сондықтан, әскерге өз еркімен барғысы келетіндер саны күн санап артып отыр.