Соңғы деректерге сәйкес, елімізде жұқпалы індетке шалдыққандар саны 12859-ға жетті. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында жаңа 5 жағдай тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, вирус Семей қаласындағы 1960 жылғы әйел мен 1948 жылы туған ер адамнан және Шымкент қаласынан Зайсан ауданына әскери борышын өтеуге келген 1997, 2000 және 2002 жылғы азаматтардан анықталған.
– Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2 науқастан зертханалық талдаулар бұрынырақ КВИ ауруын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғандықтан алынса, қалған 3 адамнан профилактикалық мақсатта скринингтік тексеру кезінде анықталды. Қазіргі уақытта қауіпті детті жұқтырған пациенттердің барлығы инфекциялық стационарға жатқызылды. Олармен байланыста болғандарға эпидемиологиялық және медициналық тексеру жүргізу үшін ТКҚСҚБ аумақтық басқармасының мамандары мен медицина қызметкерлерінен құралған мобильді топ ұйымдастырылып, ошақтарға дезинфекция жүргізілуде. Эпидемияға қарсы шаралар жалғасып жатыр, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта облыста коронавирус жұқтырған 190 адам тіркелді. Оның ішінде емделіп шыққандар саны – 57.