Өскемен және Семей гарнизондарының әскери бөлімдерінде бригадалық-тактикалық оқу-жаттығуға дайындықтар басталды.
Бригадалық-тактикалық оқу-жаттығу Семей гарнизонының «Шығыс» түраралық полигонында өткізіледі. Оқу-жаттығуға «Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов басшылық жасайды.
Бригадалық-тактикалық оқу-жаттығу 4 эпизодтан тұрады. Алғашқысы – дабыл бойынша көтеріліп, жоғарғы жауынгерлік әзірлікке келтірілсе, келесісі шоғырлану ауданына әскери техникалардың марш жасауы, одан кейін маневрлік қорғанысқа дайындық, келесі атыс алаңында қорғанысты жүргізу.
Биылғы оқу-жаттығудың ерекшелігі дәстүрлі шептік қорғаныстан өзгеше маневрлік қорғаныста өтетін болады. Әскери техникалар аралас тәсілмен теміржол арқылы пойызбен және тралдармен тасымалданып, дөңгелекті техникалар өз жүрістерімен белгіленген ауданға марш жасайды.
Жауынгерлік оқ атулар бос снарядтар мен бос патрондардан жүргізілетіндіктен атыс алаңында қарсыласты оқу-жауынгерлік машиналар ротасының жеке құрамы сомдайды.
Ең басты назар жеке құрамның қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауына бөлінуде.
– Әскери қызметшілер қару-жарақпен, жауынгерлік техникамен, оқ-дәрілермен және жарылғыш заттармен ұдайы жұмыс істейді. Әскери қызмет әрқашан қауіп пен қатерге толы. Сонда да ешкімнің қателік жасауға қақы жоқ. Жүктелген міндеттерін тиісті деңгейде орындамағандардан, оның сұрауы да қатаң болады, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов.
Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі