ШҚО-да этносаралық түйткілді мәселелерді шешу жолдарын зерделуде

171
көрілім

Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйінің өкілдері этносаралық саладағы түйткілді мәселелерді шешу жолдарын зерделеді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қазақстанның демографиялық қауіпсіздік деңгейін бағалау» гранттық ғылыми жобасы аясында ХХІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Соның аясында ШҚО Достық үйінің ғылыми-сараптамалық тобы Д.Серікбаев атындағы ҚХА кафедрасымен бірлесіп, этносаралық саладағы түйткілді мәселелерді шешу жолдарын зерделеді.

Шара ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің және Иркутск мемлекеттік университетінің ғылыми және халықаралық істер жөніндегі проректоры Константин Григоричевтің құттықтау сөзімен басталды.

Конференция барысында Иркутск мемлекеттік университетімен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

«Көші-қон және демографиялық қауіпсіздік» атты бірінші сессияның модераторы тарих ғылымдарының докторы, «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының бас қызметкері Александр Алексеенко болды.

Қозғалған тақырыптардың бірі – «2020-2022 жылдардағы Қазақстандағы ресейлік иммиграция, оның себептері, динамикасы, құрылымы, салдары».

Философия ғылымдарының кандидаты, тәуелсіз талдаушы, Қазақстан мен Орталық Азиядағы көші-қон саясаты бойынша халықаралық кеңесші Елена Садовская баяндама жасады.

Екінші сессия «Демографиялық қауіпсіздік деңгейін бағалау», үшінші сессия «Урбанизация және қалалық кеңістікті дамыту контексіндегі демографиялық қауіпсіздік» деп аталды.

«Заман талабын түсінудің негізі ретінде этнодемографиялық процестерді ретроспективті талдау» атты қорытынды сессияның модераторы тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Сәрсенбаева болды.

Тарих магистрі Шмидт Вальдемар «Қазақстан аумағындағы арнайы қоныс аударушылардың тарихы туралы» тақырыбында баяндамасын оқыды.

Айта кетейік, конференцияға Шығыс Қазақстанның ғылыми зиялы қауымы мен басқа елдердің мамандары онлайн байланыс арқылы қатысты.