Еуразия жерінде алғаш рет «Патша» қорғанында мүйіздері алтынмен өріліп жиектелген бұғылардың мүсіндері қазылып алынды. Айта кетейік, өңірде археологиялық ескерткіштерді зерттеу жобасының екінші кезеңі жүргізілуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Тарбағатай ауданына іссапармен барған облыс әкімі көне жәдігерлермен танысты. Қазба жұмыстарының аумағы 25 шақырымды құрайды. Археолог Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен жеті жасақ пен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік академиясының экспедициясы қазба жұмыстарымен айналысуда.
«Патша» қорғанындағы алғашқы қазбалардың бірі болып бұғылар бейнесі, алтын әшекейлер мен арқарлар, ұсақ моншақтар табылды.
– Өткен жылы Елеке сазында Алтын адамды тапқан едік, бұл жолы алтын жәдігерлер тағы шықты. Олар біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырда өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмысы мен мәдениетін көрсетеді. Бұл тек осы жердегі бастама жұмыстарымыз ғана. Қалған жаңалықтарды осы айдың соңы мен тамыз айының басында күтіңіздер, – дейді Зейнолла Самашев.
Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, екі аптадан соң «Сардар-1» атты үлкен жерлеу камерасы ашылады. Айта кететіні, қазба кезінде медициналық құралдар, ерте сақ дәуірінің қанжарлары мен панцирлік пластиналарды да байқауға болады.
– Бұл жаңалық Қазақстан тарихына жаңа қырдан қарауға мүмкіндік беріп, тарихымызды басқаша тануды үйретеді. Біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдағы бабаларымыздың қандай өркениетте өмір сүргенін байқаймыз. Ол дегеніміз – жоғары кемелділік. Осындай тарихымызды әлемге танытуымыз қажет. Келер жылы Стамбулда «Ұлы дала алтыны» атты көрме ұйымдастырмақпыз. 2020 жылы Англиядағы музейлердің бірінде көрмеге қоямыз, – дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.