Алғаш рет қашықтан өткізіліп жатқан сайыста әр қатысушы жаттығу орындаған бейнетүсірілімін бас төрешіге жіберуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынып жарысқа кез келген жан қатысуда. Чемпионат 10 жас ерекшелігі бойынша өтуде. Қатысушылардың ұзын-саны – 100-ге жуық. Ұйымдастырушылардың сөзінше, ережеге сәйкес әр спортшы күні бұрын тіркелуден өтулері қажет. Іле тыңғылықты әзірлігіне қарай жаттығуларын бейнежазбаға түсіріп, сосын бас төрешіге жібереді.
– Қатысушылар арасында әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы өз дайындықтарын көрсеткендер де болды. Содан кейін төрешілер тіркелген нәтижені хаттамаға енгізіп, қорытындысын шығарады, – дейді ұйымдастырушылар.
Өз жас ерекшеліктері бойынша чемпионаттың алғашқы күнінің қорытындысы белгілі болды. Атап айтсақ, Бейбарыс Тұрсынұлы (Курчатов қаласы), Ернұр Қайрат (Зайсан ауданы), Арнұр Сайлаубек (Ұлан ауданы), Айбол Слямбеков (Өскемен), Қуаныш Даумбаев (Бородулиха ауданы), Сұңқар Қуаныш (Аягөз ауданы), Юрий Клюшин (Бородулиха ауданы) тұғырдың биігіне жайғасты.