Биыл облыс бойынша 5 сүт-тауарлы ферма салынып, осындай 13 ферма жөндеуден өтпек. Сонымен қатар, қосымша 10 сүт қабылдау пунктері ашылатын болады. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков мәлімдеуінше тұрғындардан сүт сатып алудың арнайы кестесін де құрылып қойыпты, деп хабарлайды buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, 2017 жылы аймақ бойынша жаңадан 10 сүт қабылдау пунктінің ашылатындығы жайлы талай мәрте айтылған болатын. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл жұмыстардың жоспарға сай атқарылып жатқандығын мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта 1 сүт қабылдау пункті қолданысқа берілді. Енді мамыр айында 5, маусымда 3, қыркүйекте 1 сүт пункті өз жұмысын бастайды. Осының арқасында 90 мың тонна сүт өндіріліп, сатып алынбақ. Айта кету керек, бұл сүттің 22 мың тоннасы жергілікті тұрғындардан алынатын болады, – дейді Қонысбай Төлеубеков.
Тұрғындардан сүт сатып алудың арнайы кестесі де құрылып қойыпты. Сол кестеде әр сүт қабылдау пунктінің ай сайын қанша тонна қабылдайтындығы нақты көрсетілген екен.
– Сүт қабылдау пунктері облыстың екі қаласы мен 70 ауылдық елді мекен тұрғындарынан сүт сатып алуда. Осындай әр пунктке 2017 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында белгілі бір мөлшерде тонна сүт қабылдау керектігі жайлы тапсырма бердік. Биылғы жылдың I тоқсанында жергілікті халықтан мың тоннадан астам сүт сатып алынды, – дейді басқарма басшысы.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ