Елордасы — Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына орай ШҚО әкімінің жүлдесі сарапқа салынған ХХІ-ші халықтық спорт ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО Дене щынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
22 спорт түрінен өткізілген шара бес күнге жалғасты. Айта кету керек, воркаут спорты осы жылы алғаш рет өткізіліп отыр. Сайыстың жабылу салтанатына ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысты.
– Құрметті спортшылар, қатысушылар, сіздерді аймақ басшылығы атынан осымен ХХІ-ші рет өткізілген Халықтық спорт ойындарында алған жүлделеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңыз ұдайы спортпен айналысуды жалғастыра түсіңіздер. Жоғары нәтиже көрсеткен аудандарға тек сәттілік, ал алдағы Елбасының жүлдесіне өтетін Халықтық спорт ойындарында өңір намысын қорғайтын саңлақтарымыз тек биіктен көрінсін демекпін, – деді басқарма басшысы.
Жарыстың соңғы күнінде қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, жорға жарыс, 3,2 шақырымдағы бәйге жарыс, аламан жарыс, көкпар, 15 шақырымдағы бәйге жарысының үздіктері белгілі болды. 25 шақырымдық аламан жарысында бас жүлдеге, яғни облыс әкімі тағайындаған автокөлікке Аягөз ауданының шабандозы Елжан Ерболұлы ие болды. «Көгершін» атты сәйгүлікті тізгіндеген жас өрен мәре сызығына өзгелерден оқ бойы озық жетті. Екінші орынға «Әлімқасқа» атты тұлпар мінген жармалық Бағдәулет Ерболов табан тіреді.Үздік үштікті Тарбағатай ауданының командасы түйіндеді. Ал, жүлдегерлер қатарын «Қызыласық» сәйгүлігімен Тарбағатай ауданының өкілі Дархан Ұлағат қорытындылады. Айта кетейік, бұл додада үздік нәтиже көрсеткен қатысушылардан команда жасақталып, Маңғыстау өңірінде өтетін республикалық бәсекеде аймақ намысын қорғамақ.
Сайыс кестесі бойынша жалпыкомандалық есепте командалар төмендегідей орналасты:
Қалалар арасында жалпыкомандалық нәтиже:
1 орын – Өскемен (375 ұпай)
2 орын – Семей (320 ұпай)
3 орын – Риддер (159 ұпай)
4 орын – Зырян (126 ұпай)
5 орын – Курчатов (55 ұпай)
Аудандар арасында жалпыкомандалық нәтиже:
1 орын – Тарбағатай ауданы (320 ұпай)
2 орын – Ұлан ауданы (257 ұпай)
3 орын – Абай ауданы (248,5 ұпай)
4 орын – Күршім ауданы (241 ұпай)
5 орын – Жарма ауданы (211ұпай)
6 орын – Зайсан ауданы (207 ұпай)
7 орын – Шемонаиха ауданы (201 ұпай)
8 орын – Глубокое ауданы (199 ұпай)
9 орын – Үржар ауданы (188 ұпай)
10 орын – Аягөз ауданы (183 ұпай)
11 орын – Бородулиха ауданы (136 ұпай)
12 орын – Көкпекті ауданы (130 ұпай)
13 орын – Катонқарағай ауданы (116,5 ұпай)
14 орын – Бесқарағай ауданы (109,5 ұпай)