Облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері елдің оңтүстік өңірлерінен ШҚО-ға синтетикалық есірткі тасымалдайтын ірі арнаның жолын кесті, деп хабарлайды Buqarakz сайтының тілшісі.
«Тәртіп сақшылары «Алматы-Өскемен» тасжолында Алматы облысының 26 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Тойота Ланд Крузер» автокөлігін тоқтатқан. Көлікті тінту барысында жедел уәкілдер ақ түсті ұнтақ заты бар 4 полимерлі пакетті тапты. Сонымен қатар көліктің багажында жатқан осыған ұқсас зат салынған тағы 15 орама тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың «мефедрон» екені анықталды. Жалпы салмағы – 1 келі 850 гр. Бұл – бір реттік 6000-нан астам доза.
«Жауап алу барысында ер адам есірткіні Астана мен Павлодарда таратқанын айтты. Күдіктіге қатысты есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, өткізгені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынған», - делінген ақпаратта.
Ер адам мүлкі тәркіленіп, оннан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.