ШҚО-да ішкі туризмді дамытуға ден қойылуда

310
көрілім

Аймақта туризм саласын дамыту мақсатында күнтізбелік жоспар әзірленді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов биылғы жылы жүргізілген шаралар мен өңірдің көрікті жерлеріне көпшілік тарту мақсатында атқарылған қызметтер жайлы айтып өтті. Мәлім болғандай, биыл ішкі туризмге жіті назар аударылып, бірқатар демалыс орындарында күрделі жөндеу жұмыстары мен жаңартулар жүргізілген. Оның ішінде, «Көгілдір бұғаз» және «Алакөл» демалыс орындары абаттандырылып, «Кең байтақ қазақ елі» атты бағдарламалар да жұртшылық назарына ұсынылған.

– Биыл өңірімізге келген тынығушылар саны өткен жылмен салыстырғанда артпаса кеміген жоқ. Алайда соңғы тоғыз ай ішіндегі көрсеткіш желтоқсан айында белгілі болмақ. Мәселен 2018 жылы 565 мың турист келсе, соның 30 мыңға жуығы шетелдіктер. Бұл көрсеткішті төмендетпес үшін эко-этно туризмді дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ тек шетелдіктерден гөрі өзге өңірлердегі отандастырымызды да облыс көлеміндегі демалыс орындарына тарту жоспарға қойылған екен. Ал осы жылы шомылу маусымында халық игілігіне берілген «Сібе» демалыс базасы да ішкі туризмді дамытудағы негізгі қадамдардың бірі. Маңыздысы сол, маусым айында еліміздің туристік Қауымдастықпен бірлесе Катонқарағай ауданында қонақжайлықтың алғышарттары, сервистік қызмет көрсету бойынша арнайы тренингілер ұйымдастырылған-ды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ