«Қала және аудан орталықтарындағы көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша облыс әкімдігінде жиын өтті. Даниал Ахметов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры Бруно Балванера несие келісімшартына қол қойды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
- Шығыс Қазақстан облысы банкпен тығыз жұмыс істеп келе жатқан серіктестердің бірі. Экономиканың қай жағынан болсын үлкен потенциалды танытады. Бұл біздің аймақтағы жұмысымыздың екінші фазасы. Бұдан басқа болашақта өңірдегі туризм, табиғат ресурстары, экология сияқты салаларды қамту жоспарда, - деді Бруно Балванера.
Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы, соның ішінде шығыс өлкеде нәтижелі жұмысын жүргізіп келе жатқан банктің бірі. Бірнеше жылдар бойы сенімді серіктеске айналып, қолдау көрсетуде.
Қала және аудан орталықтары көшелерін жарықтандыру тиімді істің бірі болмақ. Арнайы жоспар бойынша жарықты орнату мен оны үнемдеу жақсы серпіліс береді деп күтілуде. Электрүнемдеу кем дегенде 60-70 пайызға дейін артпақ.
Банк басшылығының айтуынша, басты орталық Нұр-Сұлтан қаласында негізделмек. Әр өңірмен, әсіресе Шығыс Қазақстанмен байланыс орнатуға өте тиімді болмақ. Өскемен қаласында да қазіргі уақытта банктің өз кеңсесі бар.
- Әлемдегі ең үздік банктердің бірі енді облысымыздың аудандарында жұмыс істеуі өте жақсы. Бұл бір жаңа тарихи бастама деуге болады. Өзіміздің тарапымыздан да жаңа бағдарламалар, жобалар бар. Экологияны қорғау жобаларыңыз да қуантты. Алдағы уақытта су энергетикасын дамыту көзделуде. Себебі Қазақстандағы су энергетикасының 70 пайызы біздің облысқа тиесілі, - деп атап өтті облыс әкімі.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ