ШҚО-да қандай мамандықтар сұранысқа ие?

616
көрілім
Фотосуреттер С.Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметінен

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Мамандығым - болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, мамандықтар тақырыбы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтағы еңбек нарығындағы өзгерістерді болжау және студенттерге ерте кәсіптік бағдар беру. Кеңсенің салтанатты тұсаукесерінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнебайланыс арқылы шығып, сәттілік тіледі.
- Бүгінде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін кадрлық қажеттіліктерге неғұрлым нақты бағдарлау үшін кадрларға сұранысты ерте болжау және жұмыс берушілермен берік диалог құру өте маңызды. Сонымен қатар, жастарды ғылым мен интернационалдандыруға баулу, сондай-ақ цифрлық экожүйені қалыптастыру қажет, - деді ведомство басшысы.


Шара аясында Шығыс Қазақстан үшін өзекті мамандықтар мен құзыреттер белгіленді. Мысалы, университеттің өңір үшін бірегей және маңызды білім беру бағдарламаларының бірі - «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» мамандығы. Естеріңізге сала кетейік, ел Үкіметі күн тәртібіне сумен жабдықтауға, су қауіпсіздігіне, су ресурстарының ластануына және су объектілері флорасы мен фаунасының биоәртүрлілігінің төмендеуіне байланысты проблемаларды шешу тапсырмасын қойған еді.

Республика аумағының көп бөлігі шөлейт аймақ болғандықтан, осы саладағы болашақ мамандарды даярлау аса маңызға ие. Жаңа білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – су қауіпсіздігімен айналысуға, жаңа цифрлық технологияларды пайдалану арқылы су тұтыну жүйесін жаңғыртуға, ГИС технологияларын интеграциялауға және химиялық талдаудың заманауи әдістерін жүзеге асыруға қабілетті білікті мамандарды оқытуда жатыр.
- Педагогикада кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі де өзекті. Бұл әсіресе инклюзивті ортадағы педагогикаға қатысты, себебі бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 160 мыңға жуық бала бар. Оның 10%-дан астамы Шығыс Қазақстан облысында тұрады. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, ЖОО-да «Ерте жастан қолдау педагогы» және «Эргопедагог» инновациялық білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жас мамандар университетті бітіргеннен кейін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, оңалту және медициналық орталықтарда, емханалар мен Балалар үйлерінде жұмыс істей алады, - деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.


Айта кетейік, «Мамандығым-болашағым» жобасы шеңберінде университет қызметкерлері интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша университет қызметкерлері аймақтық жобалық кеңсе командасына қосылып, Шығыс Қазақстан облысының кадрлық қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеу жүргізеді. «Мамандығым – болашағым» бағдарламасының жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкеновтың айтуынша, бүгінде жоба еліміздің 15 өңірінде іске асырылуда, оның бесеуінде кадрларға қажеттіліктің Өңірлік карталары әзірленген.