ШҚО-да қанша теолог діни мәдениет қалыптастыру бойынша жұмыс істеп жатыр?

379
көрілім
фотосурет ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев өңірдегі теологтармен кездесті. Облыста қазір діни мәдениетті қалыптастыру үшін  жалпы 5 теолог жұмыс істеуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Теолог ғалымдар облыс көлемінде діни мәдениетті қалыптастыру мақсатында жастар арасында семинарлар, тренингтер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, олар дінге қатысты өзекті сұрақтарға жауап бере отырып, ағартушылық қызмет атқуда. Мамандар үздік жоғары оқу орындарынан білім алған, соның ішінде Египеттегі «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университеті, Түркия, Ресей және Сириядағы теологиялық, дінтану оқу орындарын бітірген.

Кездесу барысында өңір басшысы аймақтағы дін мәселелеріне тоқталып, ежелден бері дәстүр мен руханият ұғымдары әр халықтың мәдениетінде бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтті.  Кездесудің негізгі мақсаты дін мен азаматтық қоғамның арасындағы өзекті әрі маңызды мәселелерді талқылау болды. Ермек Көшербаев теологтардың осы мәселеге қатысты сараптамалық пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ кездесу барысында өскелең ұрпақ арасында діни мәдениет пен сауаттылықты қалыптастыру мәселелері де көтерілді.

Кездесу соңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі конфессияаралық диалогты нығайту саласындағы жұмыстарды жетілдіру бойынша бірқатар идеяларды ұсынды.