Шемонаиха ауданында қар құрсауында қалған балықшы құтқарылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына 1 қаңтарда кешке қарай Шемонаиха ауданының тұрғыны хабарласты. Өз сөзінде ол күйеуінің таңертең ауыл маңында балық аулауға кеткенін, содан қайтып оралмағанын жеткізді.
Полицейлер қаршанамен дереу ер адамды іздеуге шыққан. Бір-екі сағаттан кейін балықшы мен оның досын табылды.
«Анықталғандай, азамат бұл жерге қаршанамен жеткен. Балық аулап болған соң үйіне қайтуға бел буған. Алайда қайтарда жол бұлыңғыр болып, оның қаршанасы сол жағымен мұз астына түсіп кеткен. Өзінің күші жетпейтінін түсінген балықшы жұбайына және досына қоңырау шалған. Досы көмек қолын созу үшін келіп жетті. Бірақ ол да қар құрсауында қалған. Екеуі де аман-есен үйлеріне жеткізілді», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, полиция қызметкерлері облыс тұрғындары мен қонақтарына қолайсыз ауа райы кезінде мүмкіндігінше алыс жолға шығудан бас тартуға шақырды.