ШҚО-да карантин кезінде баланың тууына байланысты 2000-нан астам жәрдемақы рәсімделді

426
көрілім
Шартты фотосурет

Аймақтағы төтенше жағдайға байланысты ХҚКО жұмысы уақытша тоқтатылғалы бері 600-ден астам әйел жүктілік және босануына байланысты табысынан айырылу төлемін, 1500 отбасы баланың тууына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақыны онлайн рәсімдеген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұрын тек ХҚКО арқылы көрсетілген қызметтер, оның ішінде жүктілікке байланысты жәрдемақы бойынша өтініштерді порталдағы «Электронды өтініштер» сервисі арқылы қабылдау мүмкіндігін жасады.

Декрет демалысына шыққан жүкті әйелдер egov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Электронды өтініштер» сервисін таңдап, жеке құжаты мен жұмыс істеу қабілетінен айырылу парағының скан көшірмесін және төлем аударылуы тиіс банк шотын қоса жолдауы тиіс.

Енді ғана балалы болған отбасылар үшін egov.kz порталының «Отбасы» – «Бала» бөлімінде баланың тууына және оның күтіміне байланысты жәрдемақыларды рәсімдеу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, порталды пайдалану үшін ЭЦҚ болуы шарт. Электронды цифрлық қолтаңбаны бүгінде порталда қашықтан рәсімдеуге болады.

Сондай-ақ Мобильді азаматтар базасында тіркеуі бар жас аналар проактив қызметін пайдалана алады. Ол арқылы баланың тууын тіркеп, тиісті жәрдемақыны рәсімдеп, сәбиді балабақша кезегіне қоюға болады.