Аймақта карантин режимін бұзған жаяу жүргіншілер анықталуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары көшеде бейберекет жүрген тұрғындарға қатысты әкімшілік хаттама толтыруда. Карантин режимін бұзған 220 адамның ісі сотқа жолданған. Олар айыппұл төлеуге міндеттеліп немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
– Полицейлер күн сайын көшелерді патрульдеуде. Тұрғындардың көбісі коронавирус пандемиясының қауіптілігін түсініп, бекітілген шектеулерді қатаң сақтап жүр. Жаяу жүргіншілердің тек 1,4 пайызы шектеулерді бұзуда, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте полиция қызметкерлері тұрғындардан аса қажеттіліксіз үйден шықпау керектігін ескертіп, карантин кезінде тәртіпті бұзбауға шақырады.