ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, Өскемен қаласының Республика алаңында өңірдегі Қарулы Күштердің әр түрлі құрылымдағы әскерилері салтанатты шара ұйымдастырды. Ауқымды шарадан Buqara.kz сайтының оқырмандары үшін фотосуреттер легін ұсынамыз.
Мамырдың мамыражай күнінде Республика алаңына Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған Ш. Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицейінің оқушылары, өңірде жуықта ғана құрылған кадет сыныптары салтанатты сапқа тұрғызылды.
Бұл күні Алматы облысы Жетіген ауылындағы әскери бөлімге шығысқазақстандық 20 болашақ сарбаз қасиетті борышын өтеуге аттанды. Сарбаздар Жетіген ауылындағы Қарулы Күштердің Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 78639 әскери бөлімінде борышын өтейтін болады.
Жиналған әскерилерді облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Жеңісов құттықтады:
– Облыс бойынша биыл Қазақстанның Қарулы күштерінің әр түрлі құрылымдарына 1200-ден астам сарбаз аттанды. Жас достарыма айтарым – Сіздерге артылған жауапкершілік пен үміт өте зор. Жерлестеріңіздің сенімін ақтайды деген сенімдеміз, – деді Серік Жеңісов.
5518 әскери бөлімінің кинология қызметі үйретілген иттің өнерін паш етті.
Ал 27943 әскери бөлімінің барлау взводы нағыз жауынгерлік мүмкіндіктерін көрсете білді. Жекпе-жектегі шеберлік, ұрыстағы ұтқырлық, асқан төзімділікті таныта білген барлау взводы жиналғандардың зор ықыласына бөленді.
Шара соңында жұртшылық әскерилер мен кадеттердің салтанатты әскери шеруін тамашалады.
Аян Өрібаев