ШҚО-да қаскөй 92 жастағы әжені тұншықтырып, ақшасын тонамақ болған

775
көрілім
Шартты фотосурет

Мамыр айының 30-ы күні күндізгі сағат 10.00 шамасында Риддер қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне абдыраған қала тұрғыны әлдекімнің әжесін күш көрсетіп, ақшасын ұрлап кеткендігіне шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаментінің дерегінше, тұрғын мамыр айының 29-ында кешкі уақытта белгісіз біреу терезе арқылы 92 жастағы әжесінің пәтеріне кіргенін, зорлық-зомбылық қолдана отырып одан ақшасын үптеп кеткендігін айтып, жүгінген.

Белгілі болғандай, әжей жалғыз тұрады екен, жасына байланысты құлағы естімегендіктен, қылмыскердің үйге қалай кіргенін аңдамаған. Жымысқы әрекет жасауға оқталған ол кейуананы тұншықтырып, ақша талап ете бастаған. Алайда қатты шошыған қарт адам есінен танып қалғандықтан қылмыскер дегеніне жете алмай, оқиға орнынан ізін суытқан.

- Қылмыс болғаны туралы ақпарат түсе салысымен, оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жетіп, қосымша барлық жеке құрам жұмылдырылды. Жедел іс-шараларды өткізу кезінде жәбірленушінің бір күннен кейін ғана оған қатысты жасалған ауыр қылмыс туралы хабарлауы біршама қиындықтар тудырған. Алайда, әр минут қымбат болды, өйткені шабуылдаушы алысқа ұзап, қала аумағынан ізін суытуы мүмкін еді, алайда тәртіп сақшыларының кәсіби жедел іс-әрекеттері нәтижесінде күдікті қолға түсті, - делінген мәліметте.

Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиевтің айтуынша, тәртіп сақшылары қабылдаған шаралармен қарақшылық шабуылға қатысы бар деген күдікті анықталып, ұсталды. Сот санкциясымен қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Аталған қылмыс бойынша жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Өз кезегінде қарт ана мен оның көршілері полицейлерге қылмысты ашып, қаскөйді ұстағаны үшін алғыс білдірді.