Облыста қатты соққан жел бірнеше ғимараттың шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2 маусым күні жылдамдығы секундына 16-20 метрге жететін жел соғып, облыстың 3 ауданындағы ғимараттардың шатырларын ұшырып әкеткен. Атап айтсақ, Көкпекті ауданы Тассай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің шатыры бүлінді. Сондай-ақ Абай ауданы Құндыз ауылында орналасқан білім ордасы шатырының біраз бөлігін жел жұлып әкеткен.
– Дауылдың салдарынан әсіресе Жарма ауданындағы нысандарға зақым келген. Мұнда Қапанбұлақ ауылындағы ауданы 1150 шаршы метрге жететін Т.Хасенұлы атындағы орта мектептің шатыры бұзылды. Жарма ауылында әкімдік ғимараты зақымданған. Қатты жел 60 шаршы метрлік шатырды ұшырып әкетті. Бұдан бөлек, ауыл клубының, «ҚТЖ» АҚ әкімшілік ғимаратының және мешіттің шатыры бүлінген, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
ТЖ мәліметінше, зардап шеккен тұрғындар анықталған жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған комиссия мүшелері сол жерлерде жұмыс істеуде. Сонымен қатар Көкпекті, Күршім және Жарма аудандарының бірқатар елді мекендерінде желдің салдарынан электр қуаты өшіп қалған. Осының салдарынан 1288 үй жарықсыз отыр.