ШҚО-да қай аң түрлерін атуға рұқсат етілген?

655
көрілім

Биылғы жылы елімізде күзгі-қысқы аңшылық маусымы 7 кыркүйекте басталған болатын. Аң десе әуселене түсетін жергілікті аңшылар қару-жарағын майлап, ат-көлігін сайлап бұл маусымның қызығына әлдеқашан еніп кеткен. ШҚО Табиғат қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерік Дайырбаевтың айтуынша, осы жылы аңшылық маусымында облыс бойынша тұяқты аңның 6, терісі бағалы аңның 20, суда жүзетін жабайы құстардың 12 түрін аулауға рұқсат етіліпті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қандай құжаттар қажет?

Аңшылық облысымыздағы 14 аңшылық шаруашылығында өтуде. Аң аулау екі түрге бөлінеді. Біріншісі кәсіби болса, екіншісі әуесқойлық аң аулау.

– Елімізде аңға шығуға 14 жастан бастап рұқсат беріледі. Яғни 14-ке толған балалар аңшылық иттер мен қыран құстар арқылы аң аулай алады. Бірақ қарумен аң аулауға рұқсат етілмеген. Тек 18 жасқа толған азаматтарға ғана аңшылық қарумен аң атуға болады. Кәсіби аң аулауға аңшы қуәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат қағазы болу керек, – деді Ерік Дайырбаев.

Кәсіби аңшыларда төмендегідей құжаттардың болуы шарт:

  • Аңшы куәлігі;

  • Жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат немесе аңшылық шаруашылығы субьектісінің жолдамасы;

  • Аңшылық қарумен аң аулаған кезде жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оқ-дәрісін сақтауға, оны алып жүруге рұқсат қағазы;

  • Аңшы аң аулағанда жыртқыш құстың паспорты;

  • Аңшылық шаруашылығы субьектісі мен жануарлар дүниесін пайдалануға

    жасалған шарт;

Әуесқой аңшыда мынадай құжаттар болыу керек:

  • Аңшы куәлігі;

  • Жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат қағазы;

  • Аңшылық шаруашылығы субьектісінің жолдамасы;

  • Жыртқыш құстармен аң аулағанда жыртқыш құстың паспорты;

Бұл құжаттар заңсыз аңшылықпен айналысатындарға тосқауыл болмақ. Себебі браконьерлер аң терілерін саудаға салып, табиғатқа залал келтіреді.

– Облысымызда Қызыл кітапқа енген аңдарды атуға қатаң тыйым салынған. Ауланған жағдайда қылмыстық жазаға тартылып, 5-тен 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Қазіргі таңда қар барысы 2000 АЕК-ке, ал арқар 1500 АЕК-ке бағаланып отыр. Сонымен қоса кейбір адамдар жолда жараланып қалған аң-құстарға жанашырлық танытып бағуға алып жатады. Бұндай жағдайда жаралы аң-құстарды үйіңізге алып кетіп емдеудің қажеті жоқ. «Бағып-қағып емдеймін» деп қолда ұстасаңыз жауапкершілікке тартыласыз, – дейді ол.

478 қасқырды атуға рұқсат берілді

Оның айтуынша, облыс көлемінде 1275 қасқыр бар. Биылғы маусымда аңшыларға 478 түз тағысын атуға арнайы рұқсат беріліпті. Сонымен қоса аңға шығуға арналған рұқсат қағаздарын алуға жеңілдіктер де жасалған.

– Бүгінде аң аулауға берілетін рұқсат қағазын еGov порталы арқылы онлайн түрде ала аласыздар. Биылдан бастап аңшылық қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұрын мемлекеттік инспекторлар немесе қорықшылар арнайы рейд барысында қызметтік қарумен аңның санын ретке келтіріп отыратынбыз. Ал қазір заңдағы өзгерістерге сай биологиялық әртүрлілікті сақтау бағдарламасы аясында конкурстар ұйымдастырамыз. Байқау жеңімпаздарына мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қасқыр атуға рұқсат беріледі. Мылтығы бар кез келген адам қасқыр ата алмайды. Түз тағысын ату үшін арнайы рұқсат қағазы болуы керек. Сыйақылар тек жыртқыш аңның осы түріне ғана тағайындалған. Бір қасқыр үшін аңшыға 6 АЕК мөлшерінде сыйақы беріледі, – деді Ерлік Құмарғазыұлы.

Аулау мерзімі әр түрлі

Облысымыздағы ең бағалы аң – қар барысы мен арқар. Бұлар негізінен Катонқарағайдың таулы өңірін мекендейді. Бүгінде осы өңірде 11 қар барысы бар. Қорықшылар жылына 40-50 сағат тікұшақпен ұшып аңдарға санақ жүргізеді екен. Мамандар соңғы жылдары аң-құстың өсу деңгейі қалыпты дейді.

Қыркүйектің алғашқы сенбісінен бастап аң түрлерін аулауға әрқалай уақыт беріледі. Себебі аң-құстардың ұя басып, төлдейтін мезгілдері әр кезде болады.

Су тышқаны – 1 қазаннан 15 ақпанға дейін, тиін – 20 қазаннан 15 ақпанға дейін, жанат тектес ит, қарсақ, түлкі, бұлғын, сарғыш күзен, аққалақ, ақкіс, сары күзен, кәмшат сынды аңдар – 1 қарашадан 15 ақпанға дейін, сілеусін, жанат, қоян, зорман, суырлар – 15 қазаннан 30 сәуірге дейін, бөдене, кептер, түркептер – 20 тамыздан бастап 30 қарашаға дейін, маймаққаз, қарашақаз, үйрек, қасқалдақ – 7 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, шіл, құр – 15 қыркүйектен қараша айына дейін, қоңыр аю (Тянь-шань аюынан басқа) – қыркүйектің алғашқы сенбісінен 30 қарашаға дейін, көктемгі аулауға 15 сәуірден 15 мамырға дейін, борсық – қыркүйектің алғашқы сенбісінен 31 желтоқсанға дейін, марал, аскания бұғысы, қабан, құдыр, бұлан – қыркүйектің бірінші сенбісінен 31 желтоқсанға дейін, сібір елігі – 20 қыркүйектен бастап 31 желтоқсанға дейін, сібір тауешкісі – 1 қыркүйектен бастап 31 желтоқсанға дейін, саңырау құр – 1 қазаннан 30 қарашаға дейін, ал көктемгі аулауға 1 наурыздан 15 мамырға дейін, гималай ұлары, кекілік – 1 қазаннан 15 желтоқсанға дейін, құндыз – 15 қазаннан 31 желтоқсанға дейін, қырғауыл – 15 қазаннан 31 желтоқсанға дейін аулауға рұқсат етілген.

– Өткен жылы облысымызда 122 536 аң-құстарды аулауға рұқсат берілді. Оның 60 846 ғана ауланды. Мысалы 2018 жылы 57 аю, 117 қабан, 109 марал, 450 елік, 96 бұлан ауланған. Біз жыл сайын түз тағыларына осылайша реттеу жасап отырамыз. Себебі кейбір аңдардың өсімі артқандықтан табиғатқа белгілі мөлшерде залал келтірді. Осы жылдың өзінде бірнеше демалыс орындарында аюлар адамдардың мазасын алған. Біз хайуанды тек арнайы аңшылардың көмегімен ғана аулай аламыз, – дейді Ерік Дайырбаев.

Таунар ҚАЙРАТ

Атауы

Саны

1

Бұлан

3699

2

Бұғы

4258

3

Сібір елігі

16907

4

Қабан

1922

5

Сібір тауешкісі

1049

6

Құдыр

499

 

Атауы

Саны

1

Бұлғын

10093

2

Американ құндызы

6500

3

Құну

283

4

Сарғыш күзен

3267

5

Қасқыр

1275

6

Тиін

15189

7

Сілеусін

931

8

Түлкі

14214

9

Қоңыр аю

2654

10

Борсық

13635

11

Сұр суыр

145674

12

Қарсақ

3959

13

Су құндызы

2528

14

Аққалақ

2382

15

Кәмшат

398

16

Сасық күзен

10078

17

Ондатр

12116

18

Аккіс

3047

19

Сібір күзені

2788

20

Қоян

70179

 

Атауы

Саны

1

Саңырау құр

4282

2

Құр

94191

3

Қара бауыр шіл

20459

4

Сұр құр

72435

5

Бөдене

43953

6

Кекілік

4126

7

Қасқалдақ

220415

8

Қаз

79218

9

Үйрек

1023766

10

Көгершін

42649

11

Қырғауыл

1630

12

Ұлар

400