ШҚО-да қайырымдылық шараларына ден қойылуда

390
көрілім
Шартты фотосурет

«Адамның күні – адаммен» деген тіркес қазіргі қоғамда болып жатқан түрлі қалтарыс кезеңдермен қатар ел көлемінен тыс, төрткүл дүние көлемінде өзекті мәселе саналатын вирустың таралуы кезінде жүрегі жомарт азаматтардың көмек қолын созуларына негіз болды. Осы ретте облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен бірнеше жылдан бері «Туған жер» атты арнайы жоба жүзеге асырылып келеді.

Арнайы жоба аясында өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтағы атымтай жомарттар мен меценаттар 258 жобаны іске асыру мақсатында өз қалталарынан 1,8 млрд теңге қаржы бөлген. «Әлеуметтік бастамалар картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қалалық және аудандық бюджеттен тыс 938,5 млн теңгеге 135 мәдени ошақ салынып, қайта жөндеуден өткен. Спорт және балаларға арналған ойын алаңдары, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй салынған.

Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға 400-ден астам меценат тартылған.

Биыл «Туған жер» бағдарламасы аясында алғашқы жартыжылдық бойынша өңірде 181 млн теңге қаржыға 161 жоба және «Әлеуметтік бастамалар картасы» бағдарламасы бойынша абаттандыру, құрылыс, қалалар мен ауылдардағы әлеуметтік мекемелерге жөндеу жұмыстары мен қайта жөндеуге 93,3 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, 80,7 млн теңгеге 20 нысан салынып, 12,6 млн теңге қаржыға 11 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Құрылыс пен қайта жөндеу жұмыстары қомақты қаржы Бесқарағай (40 млн теңге) Тарбағатай (28 млн теңге) аудандарына бөлінді.

Жерлестеріміз тек жөндеу жұмыстары мен құрылысқа ғана емес, қайырымдылық шараларына да белсене атсалысуда. Атап айтсақ, 86,2 млн теңге қаржыға ҰОС қатысушыларына, жалғызбасты зейнеткерлерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетілді. Осы сомаға материалдық көмек, азық-түлік себеті, медициналық маска, отын-көмір сатып алынды. Жығылғанға жұдырық болған сәтте мұндай әрекет талай тұрғынға едәуір сеп болғандығы сөзсіз.