Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын күшейтуге бағытталған Жол картасын әзірлеу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімдігінің отырысында Даниал Ахмтеов Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына жастарды көптеп тартудың маңыздылығын атап өтті.
– Президентіміздің соңғы жолдауы философиялық көзқарасқа негізделгенін атап өткім келеді. Уақыттың өзі мұны дәлелдеп келеді. Біз өзіміздің салт-дәстүрімізді қалай сақтап қалдық? ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында әлем елдерінде этносаралық қақтығыстар орын алды. Бұрын жер үшін соғыс болып жатса, қазір этносаралық қақтығыстар алға шықты. Балқан, Карабах, Ирак, Сирия, Ресей, Украина… Міне, осы әлемдік ахуалды философиялық көзқараспен сараптай келе Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағытынан Қазақстанның қарыштап дамуын көре білді, – дейді Даниал Ахметов.
Өңір басшысы сонымен қатар, тарихты түсінбей, бүгінгі ахуалды толық сараптап алмай алға қойған тапсырмаларды орындау мүмкін еместігін атап өтті.
– Әлемдегі елдердің 40 пайызы латын тіліне көшкен. Латын әрпі деген – ағылшын тіліне деген бір қадам. Ал ағылшын тілі – ол білімнің тілі. Міне, сұрақ қайда? Ешкім де кириллицаны шеттетіп тұрған жоқ. Бірақ, алға басу үшін, балаларымыз бәсекеге қабілетті болу үшін латын қарпін меңгеру керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының сарабдал саясатын жүзеге асыруда алдыңғы қатарда жүруі керек. Сондықтан ҚХА үшін жол картасын әзірлеуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.