Аймақта Қазақстан халқының бірлігі күніне орай онлайн концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен Достық үйі-қоғамдық келісім орталығы халықтың береке-бірлігін нығайтуға зор үлес қосып келеді.
– Карантин кезінде бос отырған жоқпыз. Әріптестеріміз ұлттық тағамдарды әзірлеп үйрету үшін аспаздық шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. Бейнероликтер арқылы халықты құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. 1 мамыр күні әртістер онлайн режимде концерт өткізді. Онда ұлттық билер мен халық әндері орындалды. Концертті облыс тұрғындары ғаламтор арқылы тамашалады. Жалпы біздің концерт ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – қазақ халқына алғыс айту, – деді ШҚО-дағы әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Элвин Демирчиев.
Онлайн концертте Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Татьяна Кагерманова, «Ақ ниет» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Майра Мурсалимова және тағы басқалар ақжарма тілектерін айтты.
– Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері бір-бірін құрметтейді. 1 мамыр біз үшін ерекше мереке. Ансамбль мүшелері қазақ, беларусь және ағылшын тілдерінде ән шырқаймыз, - деді «Гармония» беларусь вокалдық тобының көркемдік жетекшісі Наталья Кузнецова.