Бүгін ШҚО-ның Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, ШҚО ішкі саясат басқармасы және «Прогресс катализаторы» жеке қорымен бірлесе отырып «Қазіргі жағдайда жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру» атты дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Жастар жылы және ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасымен өткізілетін «Ел тірегі» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының Қорғаныс күштерінің ардагерлері мен офицерлері, үкіметтік емес жастар ұйымдарының, Өскемен қаласының жоғары оқу орындарындағы жастар өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
- Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіне аяқ басқан және әлемнің ең дамығын 30 елінің қатарына қосылуды місе тұтқан Қазақстанған жаңа жағдайда әрекет етуге қауқарлы, өз білімі мен қарім-қабілетіне сенім артататын жастар қажет. Алайда, жастардың құндылық бағыттары толыққанды қалыптасып үлгермегендігін де ескеруіміз шарт. Бұл орайда олардың бет түзер құбыласы, үлгі тұтар тұлғасы, мына, біз, аға буын екендігімізді ұмытпауымыз тиіс, - деді ШҚО Қорғаныс істер жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, майор Ерлан Рамазанов.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ағымдағы жылы атқарған жұмыстарымен де таныстырып өтті. Соның бір дәлелі 2019 жылы 11-12 қазанда Жастар жылы аясында ШҚО Ішкі саясат басқармасы және «Прогресс катализаторы» жеке қорымен бірлесе отырып, «Ұлан» әскери-патриоттық және азаматтық тәрбие беру орталығында ШҚО әкімінің сыйлығына арналған «Айбын» VI облыстық әскери-патриоттық жиындары өткізілген.
«Бүгінгі таңда Қазақстан өз тарихында бетбұрысты кезеңді бастан кешіруде. Патриоттық тәрбие беру және тарихи сананы жаңғырту мәселелері өз маңыздылығы бойынша бірінші кезекке шықты. Біздің алдымызда маңызды міндет тұр, ол – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және жас, табысты қазақстандықтардың жаңа легін қалыптастыру» - деп өз сөзін қорытындылады Ерлан Рамазанов.
Аталмыш дөңгелек үстел жастарды тәрбиелеу ісі саласындағы өзекті мәселелер талқыға түскен, аға буын және елге қызмет етудің жарқын мысалдар мен қоғам қалыптастыратын идеалдар негізінде тұлға ретінде қалыптасатын қазақстандықтардың жас толқынын бір мәселенің айналасына топтастыра білген өзіндік алаңға айналды.