Бүгін Өскемен қаласында қарттар күніне орай «Ардагерлерді ардақтайық» атты жоба аясында іс-шара өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жиынға облыстың қала, аудандарынан келген ардагерлер қатысты. Салтанатты шара барысында «Nur Otan» партиясының ШҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов қарияларды мерейлі мерекелерімен құттықтады.
– Қариялар біздің қазынамыз. Бұл мереке аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн. Осы салтанатты сәтті пайдалана отырып, бүгінгі жастарға артқан сенімдеріңіз, айтқан ақылдарыңыз бен үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздер біздің жол сілтер ақылшымызсыздар. Ал үкілеп артқан үміттеріңізді ақтау біздің перзенттік парызымыз, – деді ол.
Әр өңірден келген қарияларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Әрине қарттарға деген құрмет тек бір бет мадақтама қағазбен өлшенбек емес. Керісінше жастардың аға буынға деген ыстық ықыласымен ерекшеленіп отыр.
Таунар ҚАЙРАТ