Білім ордаларының басым бөлігі Өскеменде бой көтермек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев Ұлан ауданына іс-сапармен барып, тұрғындармен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кездесу өткізді. Жүздесу барысында келесі жылға дейін 7159 орындық 20 мектептің құрылысы жоспарланғаны айтылды. Тең жартысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4200 орынға салынады.
Сондай-ақ биыл 7 жаңа білім ошағы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда: Өскеменде - 3, Риддерде - 1, Шемонаихада - 1, Глубокое ауданында - 2. Ал келесі жылы облыс орталығында тағы екі, Прапорщиково ауылында бір мектептің құрылысы аяқталады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда 2,8 миллиард теңгеге 84 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. 50 мектепте асханалар мен кітапханалар жаңартылып, пәндік кабинеттер сатып алынуда. Қазір 45 кабинеттің 20-сы жеткізілді.