ШҚО-да кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық жиілеген

436
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Жиында келтірілген ресми статистикаға сүйенсек, 18 жасқа толмағандардың құқық бұзу фактілері жиілеген. Биылдың өзінде көрсеткіш көңіл көншітпей тұр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы мәліметінше, пандемия өршіген уақытта құқық бұзушылықтар сирексіді. Бірер сәт қайта көбейіп, 2023 жылы жағдай оңалған. Дегенмен жыл басталғалы 1,5 ай ішінде нәтиже қайта нашарлап кетті.
– Бүгін ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында бір бағытты ғана емес, көпке ортақ мәселелерді талқыламақпыз. Осы сияқты мәліметтер алдымен кәмелеттік жасқа толмағандар бойынша инспекторға, ары қарай асырап алу органдарына түседі. Кәмелетке толмағандар ата-анасының тәртібін қарайтын комиссия да көп дүниеден хабардар. Мұның бәрі талқыға түсіп барып, құжат сотқа жетеді, – деді Сәния Мүтәнқызы.


Жауапты тұлға баланың кейін тұлға ретінде қалыптасуы ең алдымен ата-анасының мойнында екенін жеткізді. Егер шаңырақ жиі шайқалып, ұрыс-керіс көбейсе, баланың басынан бағы тайып, психологиясы тұрақсыз болып өседі. Жиынға қатысушылардың ойы да осымен үндес. Отбасы – баланың үлкен өмірге аяқ баспас бұрын тәжірибе жинақтайтын қолайлы орта екенін алға тартты. Адам құқығы бойынша уәкілетті Серік Мизамбеков осы шарадан көп нәрсе күтетінін айтты. Тәртіп сақшыларымен бірлесе қатысқан «Тұрмыс» жедел алдын алу шарасы тиімді болғанын әрі қолайсыз отбасы ретінде тіркеуде тұрған жанұялар өздеріне тиесілі кейбір көмек түрлерінен бейхабар екендіктерін алға тартты. Ал дөңгелек барысында қала әкімінің орынбасары Ирина Смитке нақты ұсынысын жеткізді.


– Қазір көп мәселе бойынша тұрғындар ең алдымен әкімдікке барады. Қоғам белсенділері де өткір тақырыптарды көтереді. Осы шараға жиналғандар мен сол аталған белсенділердің басын қосып, арнайы платформа құру қажет деп санаймын. Қойылған сұрақ қандай, мамандар дереу жауап беріп, көмекке мұқтаж адамдарға кеңес тезірек берілетін еді, – деді ол.
Ал сандар не дейді? Сәния Тұтқанбаева әу баста келтірген статистиканың тағы бір толықтырып өтті. Бірақ бұл ата-ана құқығынан айыру бойынша.
– 2022 жылы ата-ана құқығынан айыру бойынша 134 іс тіркелді. Оның 109-ында өтініш мақұлданып, 25 іс жабылды. Өткен жылы 119 іс қаралып, 92 өтініш мақұлданды. Нәтиже оңалып келеді. Ал жыл енді басталғанын ескерсек, 26 істің тіркелуі мәселе ушығып тұрғанын көрсетеді, – деді ол.


Ирина Смит бұл ретте қоғам белсенділері, Александра Талхигованың жетімдер құқығын қорғау бойынша құрған ұйымы, зорлық-зомбылыққа ұшыраған аналарға арналған «Дағдарыс орталығы» сияқты орындардың белсенділігін мысал етті. Алайда Серік Мизамбеков осының ушығуына жол бермес үшін адам құқығын қорғайтын барлық орталықтардың өзара кеңесіп, осы бастан жүйелі жұмысқа кірісуді жөн санады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ